ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ЖҰМЫСТАРЫ
«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының психологі Гүлжан Рахимова және Ойыл ауданының білім бөлімінің әдіскері Сәндігүл Байдуашова бірлесіп, ко-терапия форматында тәуекел тобына анықталған жасөспірімдермен жеке және топтық жұмыс жүргізді.
Кездесу барысында жасөспірімдердің ішкі эмоционалдық күйін тұрақтандырып, өз-өзіне деген сенімділігін арттыру мақсатында психологиялық қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдары басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтері, әлеуметтік педагогтері және сынып жетекшілерінің қатысуымен «Жасөспірімдердің психоэмоционалды жай-күйінің төмендеуін, оның ішінде депрессиялық күй мен буллинг белгілерін ерте анықтау мүмкіндіктері» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Семинарға қатысушылар жасөспірімдер арасындағы тәуекел мінез-құлықты дер кезінде анықтау, алдын алу тәсілдері және тиімді психологиялық қолдау көрсету жолдары бойынша тәжірибе алмасты.
Іс-шара барысында Гүлжан Рахимова депрессиялық күйдің табиғатын, оның пайда болу себептерін және отбасындағы адами құндылықтар мен қарым-қатынастың бала психикасына әсерін жан-жақты түсіндірді. Сонымен бірге, педагогтерге жасөспірімдердің эмоциялық өзгерістерін бақылау, қауіп белгілерін ерте байқау және қажетті көмекке бағыттау бойынша практикалық ұсынымдар берілді.
Бұл жұмыстар жасөспірімдердің психологиялық әл-ауқатын нығайтуға, олардың қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасында дамуына оң ықпал етеді.