АУТОДЕСТРУКТИВТІ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ
«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының әдіскері Ботагөз Қосмағамбетова Ақтөбе автожол колледжінің 1-курс студенттерімен аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған психотерапиялық жұмыс жүргізді.
Мақсат — білім алушылардың психоэмоциялық жағдайын тұрақтандыру, өз эмоцияларын тану және басқару дағдыларын қалыптастыру, агрессия мен ішкі күйзелісті қауіпсіз жолмен шығаруға үйрету.
Психотерапиялық жұмыс барысында «Кешірім жәшігі» әдісі қолданылып, жұмыс топтық форматта өтті. Бұл әдіс студенттердің ішкі ренішін, ашу-ызасын, кінә сезімін сыртқа шығарып, жағымсыз эмоциялардан арылуына, өз сезімдерін қабылдауға және кешірім құндылығын түсінуге бағытталды.
Топтық жұмыс кезінде қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, бір-біріне қолдау көрсетті.
Сонымен қатар «Сен агрессияңды қалай жеңесің?» тақырыбында бейнеролик көрсетіліп, бейнематериал негізінде пікір алмасу ұйымдастырылды. Студенттер агрессияның пайда болу себептері, оның салдары және оны басқарудың тиімді жолдары туралы ой бөлісті.
Іс-шара соңында эмоциялық күйді реттеуге қатысты психологиялық кеңестер беріліп, стресс жағдайында өзімен жұмыс жасау, ашу-ызаны бақылау және қиындықтарды конструктивті жолмен шешу тәсілдері түсіндірілді.