ПЕДАГОГТАРҒА АРНАЛҒАН АРТ-ТЕРАПИЯ
«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығында педагогтарға арналған жоба — «Инсайт» ресурс клубы аясында «Бояулар әлемі» тақырыбында арт-терапиялық іс-шара өтті.
Мақсаты — педагогтердің эмоционалдық күйін тұрақтандыру, психологиялық ресурстарын нығайту және шығармашылық арқылы ішкі күйзелісті жеңуге қолдау көрсету. Арт-терапия — педагогтердің психологиялық саулығын сақтауға, кәсіби күйзелістің алдын алуға бағытталған маңызды тәсіл.
Іс-шараға облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева, облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Әліби Латып, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Нұргүл Әбішева, AMANAT партиясы облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанаты психологиялық қызмет институтын қолдау бағытының жетекшісі, облыс әкімі жанындағы гендерлік саясат жөніндегі комиссия мүшесі, айтыскер ақын Жұлдыз Қожабекова, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы орта мектептердің педагогтері қатысты.
Арт-терапия барысында орталық директоры Меруерт Жұбандықова «Инсайт» ресурс клубы туралы ақпарат берді.
Бұлбұл Күзембаева психологиялық қызметтің жауапкершілігі зор екенін айтып, орталықтың жұмысын жоғары бағалады.
Нұргүл Әбішева ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығына тоқталды.
Орталық әдіскері, жоба жетекшісі Гүлжанат Сейітова сергіту жаттығуын өткізіп, «Бояулар әлемі» тақырыбында арт-терапия жүргізді.
Орталық директорының орынбасары Медеухан Жасжанова «Алғыс айту» және «Отты тыныс» жаттығуларын өткізді.
Айта кетейік, педагогтарға арналған жоба — «Инсайт» ресурс клубының мақсаты — педагогтердің кәсіби және эмоционалдық ресурстарын қолдау, тәжірибе алмасу арқылы ынтымақтастықты дамыту және психологиялық қауіпсіз орта қалыптастыру.