ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БАЛА ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ТАҚЫРЫБЫНДА ВЕБИНАР ӨТТІ
«Түркістан облысы психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Оразкүл Шайхықызының жетекшілігімен «Бала құқығын қорғау, оның тұлғалық қалыптасуы және отбасына психологиялық қолдау шараларын ұйымдастыру» тақырыбында вебинар өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты нығайту, баланың тұлғалық дамуына қолайлы орта қалыптастыру, сондай-ақ бала тәрбиесіндегі ата-аналар мен білім беру ұйымдарының бірлескен жұмысының маңыздылығын түсіндіру болды.
Вебинар барысында бала құқықтарын қорғау, оның қауіпсіз әрі жайлы ортада тәрбиеленуі, сонымен қатар тұлғаның қалыптасуына әсер ететін психологиялық факторлар егжей-тегжейлі талқыланды. Бұдан бөлек, ата-аналарға балаға эмоционалдық қолдау көрсету, сенімді қарым-қатынас орнату және мектеппен өзара іс-қимыл жасаудың тиімді жолдары туралы маңызды ақпараттар берілді.
Орталық психологы Мереке Құлбекқызы өткізген онлайн-шараға Арыс қаласы білім бөлімінің жауапты әдіскерлері қатысып, талқыланған тақырып бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті. Жалпы алғанда, вебинарға Арыс қаласынан 1530 ата-ана қатысып, өзекті мәселелер бойынша қажетті мәліметтер алды.
Мұндай кездесулер бала құқығын қорғау мәдениетін қалыптастыруда, ата-ана мен мектеп арасындағы серіктестікті нығайтуда және баланың жан-жақты дамуына қолдау көрсетуде тиімді алаң болып табылады.