САУАЛНАМА НӘТИЖЕСІ: АТА-АНАЛАР ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС КЕЗІНДЕГІ ҚАУІПТІ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫН БІЛЕДІ
Оқу жылының соңында өткізілген «Жазғы демалыс кезінде ата-аналар нені білуі керек?» тақырыбындағы ата-аналар жиналыстары аясында еліміздің барлық өңірлеріндегі ата-аналар арасында сауалнама жүргізілді.
Сауалнама ата-аналардың балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ақпараттандыру жұмыстарының тиімділігін бағалауға мүмкіндік берді.
Ауқымды сауалнамаға 3,3 миллионнан астам ата-ана мен балалардың заңды өкілдері қатысты.
Бұл шарада әсіресе 5-9 сынып оқушыларының ата-аналары ерекше белсенділік танытты – 79,53%. Өңірлер арасында сауалнамамен қамту көрсеткіші бойынша Жетісу (91,4%), Абай (80,6%), Ақтөбе (87,7%), Маңғыстау (86,8%) және Түркістан (87%) облыстары алдыңғы қатардан көрінді.
Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, қатысушылардың барлығы жазғы мезгілде баланың қауіпсіздігі мен аман-саулығына төнетін негізгі қауіп-қатерлер туралы ақпарат алғанын атап өтті. Сонымен қатар, сұралғандардың 98%-ы балалардың қауіпті әрекеттерге бару себептерінен, 97%-ы бала бойындағы эмоционалдық жайсыздық белгілерінен хабардар болғанын жеткізді. Ал 99%-ы жазғы демалыстағы күрделі әрі қауіпті жағдайлардың алдын алу жолдарын меңгерген.
Ата-аналар әсіресе ұсынылған материалдардың іс жүзіндегі пайдасын ерекше атап өтті. Әсіресе, қауіпті мінез-құлықтың алдын алуға арналған кеңестер, төтенше жағдайдағы іс-әрекет алгоритмі, сондай-ақ балаға эмоционалдық қолдау көрсету мен отбасындағы сенімді қарым-қатынасты сақтау тәсілдері көпшіліктің үлкен қызығушылығын оятты.
«Бала қауіпсіздігі көп жағдайда отбасының атсалысуына байланысты. Сауалнама қорытындысы ата-аналардың қауіп-қатердің алдын алу және балалардың психологиялық аман-саулығы мәселелеріне деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Қатысушылардың басым бөлігі берілген кеңестердің ықтимал қауіпке дер кезінде ден қойып, жазғы каникулда балалардың қауіпсіз әрі алаңсыз демалуына көбірек көңіл бөлуге септігін тигізетінін атап өтті», – деді «Өркен» ұлттық ғылыми-практикалық балалардың әл-ауқаты институты Балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау жүйесін дамыту зертханасының жетекшісі Ғалия Омарова.
Айта кететін жайт, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ата-аналарды ақпараттандыру аясында мамыр айы мен маусым айының аралығында 10 мыңнан астам іс-шара өткізілді.