РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАЗҒЫ СЕССИЯ
Астана қаласында «Негізгі және жалпы орта білім беру: сапалы өзгерістер және кәсіби даму» тақырыбында негізгі және жалпы орта білім беру педагогтеріне арналған республикалық жазғы сессия өтті. Аталған іс-шараға Ақтөбе облысы делегациясының құрамында болған №6 Хромтау гимназиясының педагог-психологі Гүлжан Раймқұлова да қатысты.
Сессияға ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, 2026-2027 оқу жылында білім беру саласына енгізілетін жаңашылдықтар мен педагогтердің кәсіби дамуына қатысты негізгі бағыттарды таныстырды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтер пәндік секциялар бойынша жұмыстар жүргізді. Педагог-психологтер секциясында «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының мамандары «Жеке қауіпсіздік» курсы бойынша таныстыру-тренингін өткізді.
Тренинг барысында курстың мақсат-міндеттері, күтілетін нәтижелері мен оқу жүктемесі таныстырылды. 30 педагог-психолог курс құрылымы және мазмұнымен танысып, оны білім беру ұйымдарында іске асырудағы мамандардың рөлін талқылады. Сондай-ақ практикалық кейстерді талдап, түрлі жағдайлардағы іс-әрекет алгоритмдерін пысықтады.
Іс-шара аясында тиімді коммуникацияны дамытуға, сондай-ақ балалар мен ата-аналарға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мәселелеріне назар аударылды.
Сессияның екінші күні Жұлдыз Сүлейменовамен ашық диалог алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Гүлжан Раймқұлованың айтуынша, республикалық жазғы сессия кәсіби тәжірибе алмасып, жаңа білім мен құнды тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берген маңызды алаң болды.