АШЫҚ ЕСІК КҮНІ: ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕККЕ ЖҮГІНУДІҢ МАҢЫЗЫ
«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығында ата-аналарға арналған «Психологиялық көмекке жүгінудің маңызы» тақырыбында Ашық есік күні өтті.
Кездесуге орталық директоры Меруерт Жұбандықова, бөлім меңгерушісі Гүлнұр Советова, психологтар Айдана Алданова мен Роза Кушкинбаева, әдіскер Назерке Өтеп қатысты.
Мамандар ата-аналарға баланың ішкі жан дүниесін түсіну, сезімдері мен эмоционалдық қажеттіліктеріне назар аудару және психологиялық қиындықтардың алдын алу жолдары туралы кеңестер берді. Сондай-ақ баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, қиын сәттерде қолдау көрсету мен қажет болған жағдайда психолог көмегіне жүгінудің маңызын түсіндірді.
Кездесу барысында отбасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайту, бала мен ата-ана арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыру, баланың ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік беріп, сезімдерін құрметтеу мәселелері талқыланды.
Ашық есік күні ата-аналарға психологиялық қолдаудың маңызын тереңірек түсінуге және бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін бағамдауға мүмкіндік берді. Өйткені баланың өзін қауіпсіз сезінуі, ойын ашық айтуы мен қиындықтарды еңсеруі отбасындағы мейірімге, сенімге және түсіністікке тікелей байланысты.