2025 жылғы 27–28 қарашада «Өркен» балалардың әл ауқатын арттыру ұлттық-ғылыми практикалық институты барлық өңірлердегі білім беру ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарлары мен сынып жетекшілері үшін «ДосболLIKE»
бағдарламасын енгізу мәселелері бойынша семинар өткізді.
Семинар барысында сынып жетекшісінің әлеуметтік‑эмоционалдық дағдыларды дамытуға арналған сабақтар негізінде оқушылардың жобалық қызметін жүзеге асырудағы міндеттері қарастырылды. Сабақ тақырыптарына, жобалық әдістің ерекшеліктеріне, жобаны негізге ала отырып сынып сағатын құруға, сабақтар арасындағы практикалық жұмысты ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді. Жобалық жұмыстың нәтижелілігіне қойылатын критерийлерге баса назар аударылды.
Спикерлер балалар буллингтің алдын алу үдерісінің басты қатысушыларына айналатынын, ұжымда қолдаушы атмосфера қалыптастырудағы өз жауапкершілігін сезініп, осы мақсатқа жету жолдарын көре алатынын атап өтті.
Семинар соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Бұл олардың балалар ортасында жәбірлеудің алдын алуға арналған жаңа құралдарды меңгеруге, оқушыларын осы оң үдерістің белсенді қатысушылары етуге ұмтылатынын көрсетті.
Барлық педагогтерге өздерінің қызықты идеяларын, шығармашылық бастамаларын, тәжірибесін қолданып, оқушылардың жан‑жақты дамуына қолайлы әрі қауіпсіз орта құруды тілейміз.