Жасөспірімдердің қауіпсіздігі – басты назарда
«Түркістан облысының Психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Оразкүл Шайхықызының қолдауымен Отырар ауданының білім беру ұйымдарында 7–8 сынып оқушыларының сынып жетекшілеріне арналған «Балаларды қауіп-қатерден қорғау: алдын алу және қолдау шаралары» тақырыбында вебинар ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – сынып жетекшілердің балаларды түрлі қауіп-қатерлерден қорғау бағытындағы кәсіби құзыреттілігін арттыру бойынша жүйелі ақпарат беру.
Вебинар барысында жасөспірімдер арасында жиі кездесетін өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, психологиялық және эмоционалдық зорлық-зомбылықтың белгілерін анықтау, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу шаралары туралы айтылды. Сондай-ақ, интернет пен цифрлық тәуелділіктің кері әсері, сондай-ақ отбасындағы қолайсыз жағдайлардың бала дамуына ықпалы сөз болды.
Қатысушыларға балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерді ерте кезеңде байқау, тәуекел белгілерін анықтау және дер кезінде қолдау көрсету жолдары түсіндірілді. Әсіресе оқушымен сенімді қарым-қатынас орнатудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар «Жазғырмау – тыңдау – қолдау көрсету» қағидасы педагогтердің негізгі кәсіби ұстанымы ретінде айқындалып, әр баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына жағдай жасау – ортақ міндет екені көрсетілді.
Вебинар қорытындысында мұндай іс-шаралардың мектептегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда және балалардың құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.