ҰБТ АЛДЫНДАҒЫ МАЗАСЫЗДЫҚТЫ АЗАЙТУ
Ақтөбе облысы Алға ауданының 11-сынып оқушыларына арналған «ҰБТ алдындағы мазасыздықты азайту» тақырыбында онлайн кездесу ұйымдастырылды.
Жасөспірімдердің психоэмоционалды жағдайын тұрақтандыру мақсатында өткен қолдау сабағына аудан бойынша 15 мектептен 233 оқушы қамтылды.Сабақты «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының әдіскері Лаура Бердібекова жүргізді.
Іс-шара мақсаты — білім алушыларға өмірдің мәні мен құндылығын түсіндіріп, ҰБТ мен мемлекеттік емтихан алдындағы мазасыздық деңгейін төмендету және өзіне деген сенімділігін арттыру.
Орталық директорының орынбасары Медеухан Жасжанова «Психологиялық саулықтың маңыздылығы» тақырыбына тоқталып, білім алушыларға сәттілік тіледі.
Орталық әдіскері Лаура Бердібекова мектеп түлектеріне психологиялық қолдау және сүйемелдеу аясында уақытты тиімді басқару, өзіне сенімділікті дамыту, мотивацияны арттыру бағытында «Жетістікке жету», «Сенімділікті арттыру» тақырыптарында топтық практикалық жұмыстар өткізді.
Онлайн кездесу барысында білім алушыларға өмірдің мәні мен құндылығы туралы түсінік беріліп, ҰБТ мен мемлекеттік емтихан — өмірдің тек бір кезеңі екені, оның тұлғаның толық бағасы емес екені айтылды.
Қорқыныш пен сенімсіздікті жеңуге арналған психологиялық әдіс-тәсілдер (тыныс алу жаттығулары, уақытты тиімді жоспарлау, позитивті ойлау) ұсынылды. Білім алушыларға өз қабілетіне сену, өзін қолдау және эмоцияны басқару жолдары көрсетілді.
Кездесу соңында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар өз ойларымен бөлісті.