АТА-АНАЛАРМЕН КЕЗДЕСУ
Ақтөбе қаласындағы мектептердің ата-аналарына арналған «Депрессия белгілері және қай кезде көмек сұрау керек?» тақырыбында кездесу өтті.
Мақсат — ата-аналардың балалар мен жасөспірімдердің психологиялық жағдайына назар аударуын арттыру, депрессияның алғашқы белгілерін дер кезінде анықтау және қажет болған жағдайда мамандардың көмегіне жүгіну жолдары туралы ақпарат беру.
Іс-шара барысында «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының директоры Меруерт Жұбандықова балалар мен жасөспірімдердің психологиялық саулығына ерекше көңіл бөлудің маңыздылығын атап өтті.
Орталық директорының орынбасары Майра Сәрсенғалиева «Балалар мен жасөспірімдердегі депрессия белгілері мен себептері» тақырыбында баяндама жасап, ата-аналарға депрессияның негізгі белгілері мен оның пайда болу себептері туралы түсіндірді.
Сонымен қатар, бөлім меңгерушісі Гүлнұр Советова «Отбасындағы қарым-қатынас және баланың психикалық денсаулығы» тақырыбында сөз сөйлеп, отбасындағы жылы әрі сенімді қарым-қатынастың бала психологиясына тигізетін әсері туралы айтты.
Шараның практикалық бөлімінде орталық психологі Жұлдыз Ибашева қатысушылармен психологиялық тренинг өткізіп, «Балаңызбен сенімді қарым-қатынасты қалай қалыптастыруға болады?» тақырыбында пайдалы ұсыныстарымен бөлісті.
Кездесу соңында рефлексия жүргізіліп, ата-аналар ой-пікірлерімен бөлісті.