ПСИХОЛОГТЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ: БІЛІМ БЕРУДЕГІ ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ ТӘЖІРИБЕ
Қазіргі білім беру жүйесінде педагог-психологтың рөлі бұрынғыдан әлдеқайда маңызды бола түсті. Бүгінде психолог тек кеңес беруші маман ғана емес, ол – оқушының эмоционалдық жағдайын түсінетін, ата-анамен және педагогпен тығыз байланыс орнататын, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға ықпал ететін маңызды тұлға.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу және педагог-психологтардың кәсіби дамуын қолдау мақсатында 2026 жылғы 10 сәуірде Абай облысында «Білім беру саласындағы психолог: педагог-психологтардың тиімді жұмысына арналған инновациялық шешімдер» атты облыстық жоба байқауы ұйымдастырылып өткізілді.
Байқаудың басты мақсаты – педагог-психологтардың кәсіби құзыреттілігін дамытуға ықпал ету, олардың тәжірибесіне инновациялық тәсілдерді енгізу және тарату болды. Осы мақсатқа сәйкес келесі міндеттер айқындалды: білім беру психологиясы саласындағы перспективті жобаларды анықтау және қолдау, мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау, сондай-ақ үздік тәжірибелерді кеңінен насихаттау.
Жобаға мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, арнаулы және қосымша білім беру ұйымдарынан барлығы 12 педагог-психолог қатысты. Бұл -өңірдегі психологиялық қызметтің белсенді дамып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.
Байқаудың қорытынды кезеңіне іріктеуден өткен қатысушылар өз тәжірибеден өткен, нақты нәтижеге бағытталған жобаларын ұсынды. Ұсынылған жұмыстар нақты мәселелерді шешуге арналған, тәжірибеде қолдануға ыңғайлы әдістемелік өнімдер ретінде ерекшеленді. Ұсынылған материалдар психологтардың кәсіби құзыреттілігін ғана емес, олардың әдістемелік ойлау деңгейін және нақты білім беру ортасында тиімді жұмыс істей алу қабілетін айқын көрсетті.
Қатысушылардың жобалары мазмұны жағынан әртүрлі бағыттарды қамтыды. Атап айтқанда, оқушылардың эмоционалдық жағдайын тұрақтандыру, буллингтің алдын алу, ата-аналармен тиімді жұмыс жүргізу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау, цифрлық құралдарды қолдану арқылы психологиялық қызметті жетілдіру мәселелері кеңінен ұсынылды.
Бағалау жұмыстары тәжірибелі әділқазылар алқасының қатысуымен жүргізілді. Қатысушылардың кәсіби тәжірибесі, жұмыс мазмұны, тиімділігі жан-жақты сарапталып, әрбір жобаға объективті баға берілді. Бұл үдеріс байқаудың ашықтығын, әділдігін және бейтараптығын қамтамасыз етті.
Нәтижесінде әр санат бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, I, II, III дәрежелі дипломдармен және сертификаттармен марапатталды. Бұл -қатысушылардың еңбегіне берілген жоғары баға ғана емес, олардың кәсіби өсуіне берілген жаңа мүмкіндік.
Осындай байқаулар педагог-психологтардың өз тәжірибесін жетілдіруіне, жаңа идеялармен толықтыруына және кәсіби қоғамдастық ішінде өз орнын нығайтуына үлкен ықпал етеді. Ең бастысы – бұл жұмыстардың барлығы балалардың психологиялық әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Қазіргі қоғамға тек білімді ғана емес, эмоционалды тұрақты, өзіне сенімді, әлеуметтік тұрғыдан бейімделген тұлғалар қажет. Ал мұндай тұлғаны қалыптастыруда педагог-психологтың рөлі ерекше.