«СЕНІМ КӨПІРІ» ЖОБАСЫ: №5 ОРТА МЕКТЕБІ
«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының «Сенім көпірі» облыстық жобасы аясында Ақтөбе қаласындағы №5 орта мектебінде ата-аналарға арналған «Бақытты отбасы — сенімді болашақ кепілі: отбасы құндылықтары мен өзара түсіністіктің рөлі» тақырыбында интерактивті семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты — отбасы институтының маңыздылығын арттыру, ата-аналар мен балалар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайту, сондай-ақ ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу.
Ice-breaker деп аталатын бөлімінде орталықтың таныстырылым бейнеролигі көрсетіліп, қатысушылар арасында жылы әрі сенімді атмосфера қалыптасты.
Орталықтың әлеуметтік педагогі Алмажан Қоғамбаева «Отбасы құндылығы — бақытты болашақ кепілі» тақырыбында баяндама жасап, ата-аналардың ішкі мүмкіндіктерін тану жолдарын түсіндірді.
Сонымен қатар отбасындағы тиімді қарым-қатынас, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, эмоционалдық қолдау көрсету, жанжалдарды дұрыс шешу жолдары кеңінен қамтылды.
Networking практикалық бөлімінде «Ашық диалог» форматында сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылды, ата-аналар еркін пікір алмасып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, маңызды ой түйді. Кездесу еркін әрі ашық форматта өтті.
Аталған семинар ата-аналар қауымдастығы тарапынан жоғары бағаланып, отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.