БУЛЛИНГ ПЕН СЕЛФХАРМНЫҢ АЛДЫН АЛУ
«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының әдіскері Ботагөз Қосмағамбетова Қобда қазақ орта мектебі мен И.Тайманов атындағы мектеп-гимназия оқушыларымен «EQ-Lab» студиясы жобасы аясында «Бір-бірін қолдау — буллинг пен селфхармның алдын алу» тақырыбында психологиялық тренинг ұйымдастырды.
Мақсат — білім алушылар арасында өзара сенім, эмпатия және қолдау мәдениетін қалыптастыру, буллинг пен өзіне зиян келтірудің алдын алу, қауіпсіз психологиялық орта құру.
Тренинг барысында «Жылы сөздер көпірі», «Сенім картасы», «Мен қасыңдамын» атты тәжірибелік жаттығулар жүргізілді. Тапсырмалар арқылы оқушылар достық қарым-қатынастың құндылығын сезініп, қиын жағдайда бір-біріне қолдау көрсету жолдарын талқылады.
Сонымен қатар тақырыпқа сәйкес профилактикалық бейнероликтер көрсетіліп, олардың мазмұны бойынша оқушылармен пікір алмасу және кері байланыс жұмыстары ұйымдастырылды. Бейнематериалдар балаларға буллинг пен селфхармның салдарын тереңірек түсінуге, сондай-ақ қиын сәтте қолдау көрсету мен көмек сұраудың маңызын ұғынуға ықпал етті.