ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҚТАРЫНА 13 МЫҢНАН АСТАМ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН БАЛА КЕҢЕС АЛУ ҮШІН ЖҮГІНДІ
Қазақстанда балаларға, ата-аналарға және педагогтерге психологиялық көмек көрсету жұмыстары жалғасуда. Елдің барлық өңірлерінде жұмыс істейтін Психологиялық қолдау орталықтары білім беру процесіне қатысушылардың психоэмоционалдық әл-ауқатын сақтауға бағытталған уақытылы консультациялық және әдістемелік қолдауды қамтамасыз етеді.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 23 мыңнан астам адам психологиялық көмек алды. Оның 13 мыңнан астамы – кәмелетке толмағандар, 6 900-і – ата-аналар және 3 155-і – педагогтер.
Бұдан бөлек, 111 бірыңғай көмек қызметіне буллинг, зорлық-зомбылық, отбасылық жанжалдар, психологиялық қиындықтар мәселелеріне қатысты және мамандардың жедел қолдауын талап ететін басқа да жағдайлар бойынша 1 792 өтініш түсті.
Есепті кезеңде Психологиялық қолдау орталықтарының мамандары 18 673 әдістемелік іс-шара өткізді. Олардың қатарында семинарлар, практикумдар, супервизиялар, консультациялар және педагогтер мен білім беру ұйымдарының мамандарын кәсіби сүйемелдеудің басқа да нысандары бар.
Орталық мамандары жеке және отбасылық консультациялар жүргізеді, балалар мен жасөспірімдердің эмоционалдық әл-ауқаты, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, буллингтің, қақтығыс жағдайларының, үрейлі күйлердің және басқа да психологиялық қиындықтардың алдын алу мәселелерін шешуге көмектеседі. Тәуекел факторларын ерте анықтауға, отбасы мен мектеп арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ психологиялық көмекті уақытылы көрсету үшін жағдай жасауға ерекше назар аударылады.