ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ПСИХОЛОГТАРЫ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕЗДЕСУІН ӨТКІЗДІ
Педагогтер қауымдастығының тамыз айындағы кездесулері – жаңа оқу жылы қарсаңындағы әрдайым маңызды бастама. Жақында Қостанай облысы білім басқармасының Психологиялық қолдау мен тәрбие жұмысының өңірлік оқу-әдістемелік орталығы (ПҚмТЖӨОӘО) «Психология» секциясының отырысын өткізді. Оған облыстың барлық өңірінен 150-ден астам маман – педагог-психологтар, әдіскерлер, тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасарлары және желілік үйлестірушілер қатысты.
Секцияның негізгі оқиғасы ПҚмТЖӨОӘО директоры Елена Петренконың цифрлық мониторинг пен қауіп-қатерлердің алдын алудан тұтас әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға көшу мәселесіне арналған баяндамасы болды.
Жыл қорытындысы: сандар мен нақты нәтижелер Елена Петренконың баяндамасында өткен оқу жылындағы негізгі нәтижелер нақты деректермен ұсынылды:
• Мектепте өзін қауіпсіз сезінбейтін оқушылардың үлесі екі есеге – 13%-дан 6,5%-ға дейін төмендеді. Бұл нәтижеге «ДосболLIKE» бағдарламасы, «КодАктив» авторлық жобасы және «Досым» Telegram-боты сияқты кешенді шаралардың арқасында қол жеткізілді.
• Өмірлік қиын жағдайға тап болған балалардың саны айтарлықтай азайды. Мәселелерді шешу тек психологиялық көмек көрсетумен шектелмей, әкімдіктер мен тиісті қызметтердің бірлескен жұмысы арқылы отбасыларға жұмысқа орналасуға, баспана алуға, материалдық көмек пен қатты отынмен қамтамасыз етуге қолдау көрсетілді.
• Ерекше назар аударуды қажет ететін балалардың облыстық деректер базасы тұрақты түрде жүргізіліп, жаңартылып отырады.
– Осы бағыттағы жұмыс аясында Орталығымыз алғаш рет Қостанай облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Н.З. Басеновамен және әр өңірдегі балаларды әлеуметтік қорғау бөлімдерімен бірлесіп консилиумдар өткізді, – деп атап өтті Елена Петренко. – Осындай кешенді тәсілдің арқасында жұмыс барынша нақты әрі мақсатты сипатқа ие болды. Мамандардың жеке сүйемелдеуі балаларды тәуекел аймағынан дер кезінде шығаруға, аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Кездесудің сараптамалық маңызын жоғары оқу орындары мен білім басқармасы өкілдерінің қатысуы арттыра түсті. Іс-шараның практикалық бөлігі ретінде психологтарға арналған құралдар көрмесі ұйымдастырылып, арнайы алаңдарда панельдік секциялар өткізілді.
Секция жұмысы салтанатты марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Үздік педагог-психологтар, әдіскерлер мен желілік үйлестірушілер лайықты марапаттарға ие болды. Сонымен қатар облыстық деңгейде өткен үш кәсіби байқаудың қорытындысы шығарылып, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға елеулі үлес қосқан мамандардың еңбегі атап өтілді. Олардың жұмысы жаңа оқу жылына арналған кәсіби бағыт-бағдар беретін маңызды үлгіге айналды.
– Біз негізгі мәселелерді талқылап, күрделі жағдайларды саралап, жұмысымыздың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты шараларды айқындадық. Біз жасаған басты қорытынды – білім, кәсіби тәжірибе мен қолда бар ресурстарды біріктіретін кешенді тәсіл ғана көмекке мұқтаж барлық оқушыларға, педагогтерге және ата-аналарға сапалы әрі уақытылы психологиялық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Дәстүр бойынша бұл іс-шара өңірдің педагогтер қауымдастығына жаңа идеялар мен тың серпін беріп, шығармашылық ізденіске жол ашады. Сондай-ақ жаңа оқу жылында білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттары мен стратегияларын айқындауға мүмкіндік береді. Биыл да кездесуге қатысушылар қажетті серпін алып, алдағы жұмысқа жаңа күш-жігермен кірісетініне сенімдімін, – деп қорытындылады Елена Петренко.