ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ — САЛАУАТТЫ ҚОҒАМНЫҢ КЕПІЛІ
Облыстық тамыз конференциясы аясында «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамытудағы тәрбие-психологиялық қызметтің стратегиялық негіздері» тақырыбында облыстық форум өтті.
Форумның психологиялық-педагогикалық бағытындағы секциясында білім алушылардың психологиялық әл-ауқаты, эмоционалдық тұрақтылығы, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру және педагогтердің кәсіби ресурсын нығайту мәселелері талқыланды.
Жиынға облыстық білім басқармасының өкілдерімен қатар «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының директоры Меруерт Жұбандықова, директордың орынбасары Медеухан Жасжанова, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті психология кафедрасының жетекшісі, психология ғылымдарының кандидаты Әлия Мамбеталина және «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының аға оқытушысы Ақбаян Елубаева қатысты.
Кездесу барысында орталықтың «JAN AHUAL хабаршысы» облыстық ғылыми журналының ресми таныстырылымы өтті.
Әлия Мамбеталина стрессті басқару және тыныс алу техникалары туралы баяндама жасап, педагог-психологтардың эмоционалдық жүктемесін басқару және кәсіби ресурсын сақтаудың тиімді тәсілдерін ұсынды.
Ал Ақбаян Елубаева білім беру ұйымдарында психологиялық қауіпсіз ортаны қалыптастыру және педагогтердің кәсіби дамуы жөнінде сөз қозғады.
Орталық директоры Меруерт Жұбандықова тәрбие және психологиялық қызметтің қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырудағы стратегиялық бағыттарына тоқталып, баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді ерте кезеңде анықтаудың, мамандардың өзара бірлесіп жұмыс істеуінің және балаға қатысты құпия ақпаратты сақтаудың маңызын атап өтті.
Психодрама терапевті Медеухан Жасжанова балалардың психологиялық әл-ауқаты, эмоционалдық интеллект және ата-аналардың психологиялық-педагогикалық сауаттылығы тақырыптарында тренинг өткізді. Психоаналитикалық тәсілдер арқылы баланың сезімдерін түсіну мен қабылдаудың маңызын көрсетті. Қатысушылар практикалық жаттығулар жасады.
Қатысушылар практикалық жаттығулар орындап, білімдерін шыңдай түсті.