ҚАУІПСІЗ МЕКТЕП — ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛАЙЛЫ ОРТА
«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының әдіскері Ботагөз Космағамбетова Ембі қаласындағы №7 орта мектеп педагогтеріне «Қауіпсіз мектеп — психологиялық қолайлы орта» және «Бейімделу кезеңіндегі психологиялық қолдау стратегиялары» тақырыптарында семинар-тренинг өткізді.
Семинар барысында педагогтердің психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқушылардың эмоционалдық жағдайын бақылау арқылы қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру, эмоционалдық қолдау көрсету және жағымды қарым-қатынасты нығайту мәселелеріне көңіл бөлінді.
Сонымен қатар МАК карталары мен «Кешірім жәшігі» әдісі қолданылып, қатысушылардың эмоционалдық ресурсын нығайтуға бағытталған практикалық жаттығулар орындалды.
Іс-шара жылы атмосферада өтіп, педагогтерге өзара тәжірибе алмасуға, психологиялық қолдау ресурстарын толықтыруға және кәсіби тұрғыда пайдалы тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.