⚡️Балаларға арналған жеке қауіпсіздік сабақтары жаңартылды: бейтаныс адамдармен қарым-қатынастан дипфейк пен дропперлікке дейін
⚡️Балаларға арналған жеке қауіпсіздік сабақтары жаңартылды: бейтаныс адамдармен қарым-қатынастан дипфейк пен дропперлікке дейін
📚Балабақшаларда, мектептерде және колледждерде жеке қауіпсіздік сабақтарының мазмұны жаңартылды. Бағдарламаға балалар мен жасөспірімдер күнделікті өмірде және цифрлық ортада тап болуы мүмкін қауіп-қатерлерге арналған 140-тан астам тақырып енгізілді.
🤝Жаңа тақырыптарды Оқу-ағарту министрлігі ЮНИСЕФ және бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірледі. Бағдарлама жеке және цифрлық қауіпсіздік, құқық бұзушылықтар мен алаяқтықтың алдын алу, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл және денсаулықты сақтау мәселелерін қамтиды.
👧 Сабақ мазмұны балалардың жас ерекшелігіне қарай бейімделген. Мектепке дейінгі жастағы балалар бейтаныс адамдармен қауіпсіз қарым-қатынас жасауға, көмек сұрауға және адасып қалған жағдайда қалай әрекет ету керектігіне үйренеді. Бастауыш сыныптарда жеке шекара, интернеттегі қауіпсіздік, күмәнді сілтемелер, өрт және эвакуация кезіндегі әрекеттер қарастырылады.
📱Жасөспірімдер үшін буллинг пен кибербуллинг, интернет-алаяқтық, дербес деректерді қорғау, жалған ақпарат, дипфейктер және жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану тақырыптары енгізілген. Сонымен қатар қысым көрсету, бопсалау, қорқыту, ақша талап ету және қудалау жағдайлары талқыланады.
💳Жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері дропперлік пен «оңай ақша» схемаларын, қаржылық және еңбек алаяқтығын, қауіпті онлайн-таныстықтарды, груминг пен сталкингті, манипуляция мен арбауды, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу тәуекелдерін қарастырады.
🎯Сабақтар апта сайын сынып немесе кураторлық сағат аясында 10 минуттан өткізіледі. Негізгі басымдық практикалық дағдыларға берілген: балалар нақты өмірлік жағдайларды талдап, қауіпті алдын ала тануға, өзін қорғауға және көмек қажет болғанда кімге жүгіну керектігін білуге үйренеді.