Жаңалықтар

image description
icon

ҚОСТАНАЙДА ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ПСИХИКАЛЫҚ САУЛЫҚ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Қостанай қаласындағы Психологиялық қолдау мен тәрбие жұмысының өңірлік орталығында (ПҚмТЖӨОӘО) ерекше іс-шара өтті. Кездесу аясында облыстың үздік педагог-психологтары мен әдіскерлері марапатталып, музыкалық нөмірлер ұсынылды. Сондай-ақ қатысушыларды біріктірген жылы жүздесу мен жағымды психологиялық жаттығулар ұйымдастырылды.

Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында Білім басқармасы басшысының орынбасары Алия Алимовна Сиитова және Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығының психологы Светлана Борамбаевна Майкенова болды.

– Қарқынды өзгеріп жатқан қазіргі әлемде біздің жұмысымыздың маңызы арта түсуде. Балаларға қиындықтарды еңсеруге қалай көмектесуге болады? Оларды буллинг пен кибербуллингтен қалай қорғауға, зиянды әдеттердің алдын алуға, күрделі жағдайларда қалай қолдау көрсетуге болады? – деп сөз бастады ПҚмТЖӨОӘО директоры Елена Александровна Петренко. – Психологиялық қолдау мәселе туындағаннан кейін ғана емес, одан әлдеқайда ертерек басталуы керек. Ол балаға сенім білдіруден, оған көңіл бөлуден және ештеңеге шағымданбаса да, оны тыңдай білуден басталады. Сондықтан білім беру ұйымдарында әрбір бала өзін еркін сезінетін, айыптаудан қорықпайтын және өз сезімдерінің маңызды екенін білетін психологиялық қауіпсіз орта қалыптастыру аса маңызды.

Алайда бұл міндеттерді ешбір қызмет жалғыз өзі тиімді шеше алмайды. Бүгінде педагогтердің, психологтардың, ата-аналардың, медицина және әлеуметтік сала мамандарының күш-жігерін біріктіретін ведомствоаралық өзара іс-қимыл қажет. Бұл әсіресе инклюзивті білім беруді дамыту жағдайында маңызды. Өйткені әр баланың жеке қажеттіліктерін ескеріп, оның жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау керек.

Кездесудің маңызды бөлігі өңірдегі психологиялық қызметтің дамуына үлес қосқан педагог-психологтар мен әдіскерлерді марапаттауға арналды. Жас өнерпаздардың музыкалық нөмірлері, қатысушылардың әнді бірге орындауы және шынайы құттықтаулар мен ізгі тілектер жазылған «Психологиялық ағаштың» толықтырылуы мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Дүниежүзілік психикалық саулық күніне орай ұйымдастырылған бұл кездесу кәсіби басқосу ғана емес, сонымен қатар бірлікті сезінуге, тәжірибе алмасуға және психологиялық қызметтердің қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте ұғынуға мүмкіндік берді.

Категории:
Поделиться:
Сұрақ-Жауап