ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ
Ақтөбе облысы Темір аудандық орталық кітапханасында «Жасөспірімдерді ұлттық өнерге баулу және педагогикалық-психологиялық қолдаудың маңызы» тақырыбында білім алушылардың қатысуымен шығармашылық-ғылыми конференция өтті.
Мақсат — жасөспірімдердің психологиялық саулығын нығайтып, тұлғалық дамуын қолдау, эмоционалдық тұрақтылығын арттыру және өзіндік бағалауын қалыптастыруда педагогикалық-психологиялық қолдаудың тиімді жолдарын айқындау.
Кездесуге «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының әдіскері, ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі Лаура Бердібекова қатысып, «Жасөспірімдерді еңбекке баулу және психологиялық мәдениетін дамытудың маңызы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, іс-тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар шығармашылық әрекеттің баланың ойлау қабілетін, қиялын, ұсақ моторикасын және эмоционалдық тұрақтылығын дамытудағы рөліне тоқталды.
Сондай-ақ ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, қолөнер шебері Нұрлан Жақыбаев «Бала бойында шыдамдылық пен төзімділікті қалыптастырушы құралдың бірі — өнер» тақырыбында дәріс оқып, өнерлі шәкірттерінің жетістіктерін таныстырды. Ұстаз ретінде ұлттық қолөнердің жасөспірімдердің рухани дамуына және ұлттық сана-сезімін қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
«Саба» шеберханасында №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы Нұрлан Нұржан, 9-сынып оқушылары Ықсан Әлішер, Қуаныш Мансұр және №4 Шұбарқұдық орта мектебінің 8-сынып оқушысы Сырым Бексұлтан торсық, саба, қамшы өру сияқты өз қолдарымен жасаған бұйымдарын таныстырып, шеберлік сағатын өткізді.
Аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлшат Темірханова қолөнердің бала дамуына тигізетін психологиялық-педагогикалық әсеріне тоқталып, іс-шараны ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Конференцияға 7-8-сынып оқушылары, өнерлі ұстаздар мен жетекшілер қатысып, мазмұнды пікір алмасу алаңына айналды.