ЖАСӨСПІРІМ ҚЫЗДАРДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САУЛЫҒЫН НЫҒАЙТУ
«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығында «Отбасы және мектеппен серіктестікте: жасөспірім қыздарды қолдау жолдары» тақырыбында Ақтөбе қаласындағы жалпы орта білім беру ұйымдарының сынып жетекшілері мен ата-аналарына арналған семинар-практикум өтті.
Мақсат — жасөспірім қыздарды отбасы мен мектептің тығыз серіктестігі арқылы қолдау, олардың психологиялық саулығын нығайту, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және тұлғалық дамуына қолайлы орта құру жолдарын айқындау.
Семинарды орталықтың бөлім меңгерушісі Ментай Телағысова жүргізді. Іс-шара барысында орталық директоры Меруерт Жұбандықова отбасы мен мектептің бірлескен әрекетінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ата-аналар мен педагогтарға тиімді қарым-қатынас орнату, сенім қалыптастыру және қиын жағдайларда дұрыс қолдау көрсету тәсілдері ұсынылды.
Облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының бас маманы Амина Нұрманова «Бала құқығы — болашақ кепілі» тақырыбында баяндама жасап, әрбір баланың құқығын қорғау — ел болашағының негізі екенін тілге тиек етті.
Облыстық перинаталдық орталығының дәрігері Алтын Есеркепова «Репродуктивтік денсаулық» тақырыбында ерте жүктіліктің алдын алу жолдарын түсіндірді.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті денсаулық және әл-ауқат орталығының психологі Гульнура Мурзатлеуова «Қыз бала тәрбиесіндегі психологиялық аспектілер» тақырыбында жасөспірімдердің эмоциялық жағдайындағы өзгерістерге назар аудару қажеттігін атап өтті. Қатысушылармен ситуациялық сұрақтар арқылы кері байланыс орнатылды.
Семинар соңында орталық әдіскері Таңшолпан Жаңаберген «Жақсы көңіл-күй — жанға қуат» атты сергіту тренингін өткізді.
Қатысушылар белсенділік танытты, сауалдарын қойып, өз ойларымен бөлісті.