РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА БАЛАЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
«Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтында Республика күніне орай «Балалар құқығы – мемлекет болашағының негізі» атты конференция өтті.
Іс-шараға 500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында білім беру саласының өкілдері, құқық қорғау, психологиялық қолдау және балалар денсаулығын сақтау бағытындағы мамандар, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздік мәселелері бойынша сарапшылар болды.
Конференция барысында баланың құқықтарын қорғаудың негізгі тетіктері, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асырудың ерекшеліктері, сондай-ақ баланың психологиялық саулығы мен оны қолдаудағы ересектердің рөлі талқыланды.
Балалар мен жасөспірімдердің психикалық және физикалық денсаулығын сақтау, психологиялық қолдау орталықтарының қызметі, қазіргі балалардың цифрлық әдеттері, интернеттегі ықтимал қауіп-қатерлер және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдарына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар тәрбие мәселелері, балаларға, педагогтер мен ата-аналарға психологиялық қолдау көрсету, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру тақырыптары қамтылды.
Конференция кәсіби тәжірибе алмасуға, балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің тиімді жолдарын талқылауға мүмкіндік беретін ашық диалог алаңына айналды.