ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТІРІ Ғ.БЕЙСЕМБАЕВТЫҢ ҰСТАЗДАР КҮНІНЕ ҚҰТТЫҚТАУЫ
Құрметті әріптестер! Қадірлі ұстаздар!
Сіздерді төл мерекеміз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Еліміздегі миллиондаған жас өрен өздеріңізден тағылымды тәрбие, өнегелі білім алып, үлкен өмір жолына қадам басады. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің, шыдамдылықтарыңыз бен адалдықтарыңыздың арқасында келешек ұрпақтың негізі қалыптасады.
Сіздерге зор құрметпен шынайы алғысымды білдіремін. Тұлға дамуының бастауында тұрған, бойындағы білімін балаларға беріп, оларды еңбексүйгіштікке, адамгершілікке, елжандылыққа, өз Отанына деген сүйіспеншілікке баулитын – сіздерсіздер. Құрметті әріптестер, бұл маңызды да күрмеуі қиын жолдағы шешуші рөл сіздерге ғана тиесілі!
Биыл алғаш рет педагогтердің кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні 5 қазанға бекітілді. Бұл мереке ең асыл, жауапты әрі маңызды мамандық иелерін біріктіре түсері сөзсіз.
Бүгінгі таңда еліміздегі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласында 500 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Мемлекет басшысының қолдауымен 2019 жылы маңызды мәселелердің бірі – педагог мамандығына ерекше мәртебе беру туралы шешім қабылданды.
Төрт жыл ішінде педагогтердің еңбекақысы екі есе өсті. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға көтерілді. Бүгінде 220 мыңдай мұғалімге тағайындалған санаттарына қарай 50 пайызға дейін үстемақы төленіп отыр. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда еңбек ететін 97 мың педагогтің жалақысы тағы 30 пайызға өсті. Сонымен қатар, биыл алғаш рет 90 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Мұғалімдерді аттестаттау процесі жетілдірілуде. Біз білім беру жүйесінің үздіксіз дамуы үшін барынша жағдай жасауымыз керек. Әрбір ұстаздың еңбегі шәкірттерінің жетістігімен бағалануы керек деп есептейміз. Бұл үшін мұғалімдерді ұлттық платформа негізінде аттестаттауды автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде. Ол - объективті және ашық болуы тиіс. Педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталды. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі тек модератор мен сарапшыға ауысқанда кезде ғана өз пәні бойынша бағаланатын болады.
Еліміздің үздік мұғалімдері «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» республикалық кадр резервіне қабылдана алады. Ал ең мықтылары «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік тағылымдамадан өтуге жіберіледі.
Білім беру саласының дамуына, тәуелсіз елге тірек болар жас ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан ардагер-ұстаздарға мың тағзым. Сіздердің баға жетпес тәжірибелеріңіз бен білім-біліктеріңіз жас ұстаздарға үлгі.
Хәкім Абайша айтқанда «Ұстаздық еткен жалықпас!». Сондықтан біз қазіргі мұғалім имиджін, халық дәріптейтін «ұстаздың орны – төр» бейнесіне дейін қайта көтеріп, жаңғыртуға міндеттіміз. Осы мақсатта министрлік білім саласында 30 және одан да көп жыл еңбек еткен мұғалімдерді «Еңбек ардагері» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Алғаш рет Республикалық педагогика қызметкерлердің ардагерлер Кеңесі құрылды. Бұндай Кеңестер еліміздің әр аймағында құрылады.
Осы жасалған шаралар сіздердің еңбектеріңізге, кәсіби шыңдалуларыңызға қолайлы жағдай туғызып, балаларымыздың білім сапасын арттыруына себеп болатына бек сенімдімін.
Қадірлі әріптестер!
Бізге бүкіл қоғамның тәрбиелік миссиясы жүктелді. Біз, ұстаздар, еліміздің оң имиджін насихаттайтын, саналы да толерантты заманауи ұрпақ қалыптастырудың қозғаушы күшіне айналуға тиіспіз.
Мектеп – бұл жай ғана оқу орны емес, ол балаларға өмірдің ең маңызды құндылықтарын сіңіретін орын. Олар жоғары мәдениетке, отансүйгіштікке, еңбексүйгіштікке сусындап, өз еліне ризашылығын түсіне білу керек. Бұл үшін біз, ұстаздар, санамызды өзгертіп, даналық пен тектілік, жақсылық пен шығармашылық адамына айналуымыз керек.
Сіздерге жас ұрпақты оқытудағы қажырлы еңбектеріңіз бен мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңызға шын жүректен алғысымды білдіремін! Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат және жұмыста еңбектеріңізге жеміс тілеймін!
Ұстаздар күні құтты болсын!
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев