Жаңалықтар

image description
icon

25 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОҚУШЫ ОРНЫ БІЛІМ БЕРУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ҚОЛДАУ ҚОРЫ ЕСЕБІНЕН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Қазақстанда 2023-2024 оқу жылының басында білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 24 566 орындық 13 мектеп пайдалануға берілді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Білім беру нысандарының 6-уы Алматы облысында, 3-уі Астана қаласында, 2-уі Қызылорда облысында және бір-бірден Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында салынуда.

«Қызметін сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен жүргізетін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры үш ауысымды, апатты мектептерді, оқушы орны тапшылығын жою мақсатында құрылды. Іріктеу 11 басымдық бойынша жүргізіледі, ең алдымен, бұрын басталған мектептердің құрылысын аяқтауға басымдық беріледі. Бүгінгі таңда қор 76 738 орындық 62 мектептің құрылысын қаржыландырды. Қаражат жергілікті атқарушы органдардың есеп-шотына аударылды», - деп атап өтті ведомствоның баспасөз хатшысы Мереке Нұрмұханова.

Айта кетейік, мемлекет жыл сайын мектептерді салу мен жаңғыртуға қаржы бөліп келеді. Оқу жылының басынан бері елімізде 55 мың орындық 39 жаңа мектеп ашылды. 2023-2024 оқу жылында барлығы 132 мың орындық 154 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін шешеді.

Бұдан басқа, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды, оның аясында 740 мың орындық 369 мектеп салу жоспарлануда.

Категории:
Поделиться:
Сұрақ-Жауап