
Қостанай облысында Жас педагог-психолог мектебі өз есігін айқара ашты
2025 жылғы 10 ақпанда өңірлік психологиялық қолдау және тәрбие жұмысы орталығының «Жас педагог-психолог мектебі» облыстық жобасы басталды. Оқу қашықтықтан өтеді және Қостанай облысының орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін жас мамандарды қолдауға бағытталған.
Бұл жобаның мақсаты – жас педагог-психологтардың кәсіби өсуіне жәрдемдесу және олардың біліктілігін арттыру. Мектептің модераторы – орталық директоры Елена Александровна Петренко.
Жоба барысында қатысушылар педагог-психологтың жұмысының негізгі аспектілерімен танысты. Оның ішінде қызмет қағидаттары мен құрылымы, сондай-ақ жастар арасындағы суицидтік және аутодеструктивті мінез-құлықтың, буллинг пен кибербуллингтің алдын алудың инновациялық әдістері қарастырылды.
Кіріспе сабақта білім беру ұйымдарындағы педагог-психологтың кең ауқымды қызметі талқыланды. Соның ішінде қолайлы психологиялық климатты қалыптастыру, оқушылардың психологиялық денсаулығын сақтау және нығайту мәселелері қарастырылды. Психологиялық қызметтің құрылымы мен негізгі аспектілері, диагностикалық жұмыстың негізгі параметрлері, сондай-ақ консультациялық, түзету-дамыту және ұйымдастырушылық-әдістемелік қызметтері баяндалды. Кәмелетке толмағандарды психологиялық сүйемелдеу жүйесінің алгоритмі ұсынылды.
Маңызды тақырыптардың бірі – жасөспірімдердің өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыру үшін отбасы, білім беру ұйымдары және басқа да тәрбие үдерісіне қатысушылар арасындағы өзара іс-қимыл болды. Психологтың отбасымен жұмыс істеуінің және ата-аналардың құзыреттілігін арттырудың маңыздылығы атап өтілді.
Педагог-психологтардың кәсіби құзыреттілігін анықтау мақсатында Google қызметі арқылы онлайн-сауалнама жүргізілді.
Оқу барысында қатысушылар өткен материалға сәйкес тақырыптар бойынша онлайн-семинарларға қатысу үшін топтарға бөлінеді. Қалағандар спикер ретінде өз тәжірибелерімен бөлісіп, презентация мен баяндама дайындай алады.
Сонымен қатар, Жас педагог-психолог мектебі аяқталғаннан кейін жоба аясында посткурстық сүйемелдеу ретінде «Жас педагог-психолог мектебі туралы ең үздік мақала» атты облыстық байқау өтеді.
Мектеп сабақтары онлайн өтеді.