
12.02.2025 күні Абай облысы білім басқармасының
«Өңірлік психологиялық қолдау әдістемелік орталығы» КММ ұйымдастыруымен онлайн форматта Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай «Абайдың қара сөздерінің психологиялық маңызы» облыстық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Абайдың қара сөздеріндегі психологиялық идеяларды зерделеу және олардың қазіргі психологиялық және тәрбиелік үдерістердегі маңыздылығын жетілдіру.
Конференцияны «Өңірлік психологиялық қолдау әдістемелік орталығы» КММ директоры м.а. И.Т.Тагиева ашып, Абай мұрасы адам жанының тереңдігін түсінуге көмектесетін психологиялық мәнге ие екенін атап өтті. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген сөздері психологиядағы тұлғалық даму, эмоционалды интеллект, өзін-өзі тану ұғымдарымен тікелей үндесетіндігі жайлы ой қозғады.
Конференцияның модераторы әдістемелік жұмыс бөлімінің басшысы Г.Ж.Торсыкбаева мақсатымен таныстырып, Абайдың адам жаны мен мінез-құлқын терең түсінуіне негізделген ойлары қазіргі психологиялық ғылыммен сабақтасып, тұлғаның үйлесімді дамуына ықпал ететіні жайлы айтты.
Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің қауымдастырылған профессоры, психология ғылымдарының кандидаты, психология кафедрасының меңгерушісі Г.К.Джумажанова Абай шығармашылығын психологиялық тұрғыдан зерттеуге арналған ғылыми ізденісімен бөлісті.
Конференцияға қатысқан педагог-психологтар, сынып жетекшілер, әлеуметтік педагогтер өз іс тәжірибелерімен бөлісті. Барлығы 79 қатысушы. Абайдың қара сөздеріндегі адам психологиясына қатысты негізгі идеяларды жүйелеп, қара сөздердегі психологиялық тұжырымдарды тәрбие, білім беру және тұлғалық даму салаларында қолданудың тиімді әдістері талқыланды.