







Абай облысының 5 мектебінде «ӨРКЕН» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты мамандары әзірлеген «ДосболLIKE»
қазақстандық буллингтің алдын алу бағдарламасы пилоттық режимде іске асырылуда.
21 ақпан күні «Өңірлік психологиялық колдау орталығы» КММ және «Облыстық әдістемелік орталық» КММ бастамасымен, «ДосболLIKE» бағдарламасын іске асыруға қатысатын Семей қаласы білім бөлімінің «№18 жалпы білім беретін орта мектеп» КММ пилоттық мектебінің ұйымдастыруымен «Білім алушылар арасында буллингтің алдын алудың өзекті мәселелері: «ДосболLIKE» бағдарламасын іске асыру тәжірибесі» атты облыстық семинар өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – «ДосболLIKE» бағдарламасы аясында білім беру мекемелерінде буллингтің алдын алу шараларын күшейту және балалардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамыту бойынша тәжірибе алмасу.
Семинардың ашылуында «Өркен» БӘАҰҒПИ, ғылыми-зерттеу бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері А.Х.Мұхтаров сөз сөйлеп, «ДосболLIKE» бағдарламасы туралы ақпарат берді.
Іс-шараға оффлайн және онлайн форматында облысымыздың 80-нен астам мамандары қатысты, оның ішінде білім беру ұйымдарының басшылары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагогтер, педагог-психологтар, тәлімгерлер, сондай-ақ осы бағытта жұмыс істейтін сарапшылар. Семинар барысында буллингтің алдын алу бойынша өзекті мәселелер көтеріліп, тиімді әдістер ұсынылды. Семей қаласы білім бөлімінің «№18 жалпы білім беретін орта мектеп» КММ мамандары бағдарлама аясында жинаған өз тәжірибелерімен бөлісті.
Бұл семинар білім беру ұйымдарындағы оқушылардың қауіпсіздігі мен психологиялық әл-ауқатын жақсартуға үлкен үлес қосатынына сенімдіміз!