



Қостанайда «Ішкі күш» екінші тренингі өтті
Қостанай облысының Психологиялық қолдау мен тәрбие жұмысының өңірлік оқу-әдістемелік орталығы (ПҚмТЖӨОӘО) ЮНИСЕФ-тің «Ішкі күш» бағдарламасы аясында №8 мектептің оқушылары мен олардың ата-аналарымен екінші тренинг өткізді. Бұл жолғы кездесудің тақырыбы – эмоциялар және оларды білдіру жолдары болды.
Еске сала кетсек, бұл бағдарлама төрт тренингтен тұрады. Әр кездесу екі бөлімнен құралады. Алдымен мамандар балалармен және ата-аналармен жеке жұмыс жүргізеді, кейін барлық қатысушылар бірігіп тапсырмаларды орындайды.
Екінші кездесуде орталықтың психологтары балалармен бірге эмоцияларды тану мен түсінуді, сезімдерді дұрыс қабылдауды және эмоциялардың дене арқылы қалай білінетінін талқылады. Сондай-ақ әртүрлі жағдайлардың адамның эмоционалдық күйіне қалай әсер ететіні сөз болды.
Ата-аналармен жеке бөлімде ересектердің эмоционалдық күйі балалардың мінез-құлқы мен сезіміне қалай ықпал ететіні кеңінен талқыланды. Теориялық білім практикалық тапсырмалар арқылы бекітілді. Ересектер ым-ишара, мимика арқылы эмоцияны тануды үйреніп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Тренингтің біріктірілген бөлімінде – ата-аналар мен балалар бірлесе отырып тапсырмалар орындаған сәтте – отбасылар өздеріне қымбат естеліктермен бөлісіп, бір-бірін тыңдауға және естуге, қорқыныштарын ашық айтуға және олармен күресу жолдарын бірге іздеуге үйренді.
– Көп жылдық тәжірибесі бар педагог әрі психолог ретінде мен ата-ана мен бала арасындағы осындай ашық диалогтың өзара түсіністікті арттыруға әрдайым ықпал ететініне сенемін! – дейді ПҚмТЖӨОӘО директоры, сондай-ақ ата-аналарға арналған «Ішкі күш» бағдарламасын жүргізіп жүрген Елена Петренко. – Тренингтерге қатысушылармен тікелей байланыс, олардың белсенділігі мен эмоциялары маған қатты ұнайды. Ал пайдалы ақпарат пен жан жылуын сыйлағанымыз үшін айтылған алғыс сөздер бізге қанат бітіреді және дұрыс бағытта келе жатқанымызды дәлелдейді!