АЛМАТЫДА БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
8 қазан күні Алматыда «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық-ғылыми практикалық институтының ұйымдастыруымен «Балалардың қауіпсіздігі – қоғамның басым бағыты» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – балаларды қорғау және олардың қауіпсіздігіне төнетін қауіптердің алдын алу саласында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, психологтердің, ҮЕҰ өкілдерінің және сарапшылар қауымдастығының күш-жігерін біріктіріп, тәжірибе алмасу және тиімді шешімдер іздеу.
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл тек мемлекеттің міндеті ғана емес, әрбір ересектің жауапкершілігі. Бүгінгі мектеп әр бала үшін қорған болатын орынға айналуы тиіс», – деді «Өркен» институтының президенті Елена Николаевна Сакенова өз сөзінде.
Дөңгелек үстел жұмысына ІІМ мен киберполиция өкілдері, Kaspersky зертханасының мамандары, балалар мен клиникалық психологтер, сондай-ақ Түркия, Испания және Қырғызстаннан келген сарапшылар қатысты. Спикерлер қатарында профессор Maiya Myrzabekova Bozok (Анкара Hacı Bayram Veli университеті), профессор Herman Grobler (КИМЭП университеті), психология докторы Мануэль Мартинес Санчес (Испания), сондай-ақ ЮНЕСКО-ның әлеуметтік бағдарламалар жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Жылдыз Казиева болды.
Іс-шара аясында балалардың киберқауіпсіздігі, кибербуллингтің алдын алу, интернеттегі қауіп-қатерден қорғау және деструктивті ықпалдарға қарсы тұрақты әрекет ету механизмдерін қалыптастыру тақырыптары қозғалды.
Қорытынды бөлім ашық диалог форматында өтті, онда қатысушылар мемлекет, мектеп, отбасы және қоғамдық институттар арасындағы серіктестікті тереңдету мен нығайтуға бағытталған практикалық ұсыныстармен бөлісті.
Бұл іс-шара әрбір бала үшін қауіпсіз, инклюзивті және қолдаушы орта құру жолында кәсіби және қоғамдық күш-жігерді біріктіруге арналған маңызды алаңға айналды.