ҚАУІПСІЗ ОРТА — САНАЛЫ ҰРПАҚ КЕПІЛІ
Ақтөбе облысы Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінде ата-аналарға арналған «Жастардың өміріндегі қауіп-қатерлер: заң, сенім және психологиялық қауіпсіздік» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты — жасөспірімдердің өмірінде кездесетін түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ жас ұрпақтың психологиялық, рухани және құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың салдары, деструктивті діни ағымдардың ықпалы, аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен буллинг мәселелері кеңінен талқыланды.
«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының бөлім меңгерушісі Медеухан Жасжанова жасөспірімдердің психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бағытында баяндама жасап, ата-аналарға баламен тиімді қарым-қатынас орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Хромтау аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы, полиция майоры Қуаныш Мырзагелдин құқық бұзушылық түрлері мен олар үшін қарастырылған жауапкершілік шаралары туралы ақпарат берді.
Хромтау аудандық дін істері орталығының басшысы Досхан Бегімбетов жастарды радикалды идеология ықпалынан сақтандыру және рухани тұрақтылықты қалыптастыру жолдары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Хромтау» газетінің аға тілшісі Алмат Зейналлаев ақпараттық кеңістіктегі қауіп-қатерлер және ата-ананың бала өміріндегі медиақауіпсіздік мәселелері бойынша өз ойымен бөлісті.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.