МАҚСАТ — ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысының шешіміне сәйкес, кәмелетке толмағандар арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың, буллингтің және өзге де қауіп-қатер түрлерінің алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстарды жоспарлау, үйлестіру және жүзеге асыру мақсатында мобильді жұмыс тобы құрылған болатын.
Осыған орай, «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының директоры Меруерт Жұбандықова мен әдіскер Гүлжанат Сеитова Шалқар ауданының білім беру ұйымдарында болып, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, әдістемелік көмек көрсетті.
Сапар аясында ата-аналармен кездесу өтіп, баланың психикалық саулығын сақтау, қауіпсіз және қолайлы отбасылық орта қалыптастырудың маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 10-сынып оқушыларымен түзету-дамыту сабағы өтіп, жасөспірімдердің психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған жаттығулар жасалды және оқушылардың көкейіндегі сұрақтарына жауап берілді.
Сондай-ақ, 5-10-сынып оқушылары арасында буллингті анықтау мақсатында анонимді сауалнама жүргізілді.
Алынған нәтижелер негізінде алдағы уақытта алдын алу шараларын жетілдіру бағытында ұсыныстар әзірленетін болады.