АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ МЕКТЕП БАСШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БОЙЫНША СЕМИНАРЛАР
Қазіргі таңда психологиялық қауіпсіздік – білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Бүгінгі мектеп тек білім алу орны ғана емес, сонымен қатар сенім, құрмет және эмоционалдық әл-ауқат кеңістігі.
2025 жылғы 9-16 қазан күндері Абай облысы білім басқармасының «Өңірлік психологиялық қолдау әдістемелік орталығы» КММ ұйымдастыруымен облыстың аудандық білім беру ұйымдарында мектеп директорларына арналған «Білім беру ұйымдарында психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тақырыбында семинарлар өткізілді.
Семинардың мақсаты – басшыларды психологиялық тұрғыдан қауіпсіз орта қалыптастырудың заманауи тәсілдерімен және нормативтік негіздерімен таныстыру, мектеп ұжымдарында сенімге, құрметке және қолдауға негізделген басқарушылық мәдениетті дамыту.
Семинарлар Абай, Бесқарағай, Жарма, Бородулиха, Жаңасемей және Үржар аудандарында өтті. Іс-шараларға 200-ден астам мектеп директорлары, әдіскерлер мен білім бөлімдерінің мамандары қатысты. Облыстың өзге аудандарында да білім беру ұйымдарының басшыларына арналған семинарлар өткізу әлі де жоспарлануда.
Кездесулер барысында оқушылар арасында буллингтің, зорлық-зомбылықтың және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мәселелері, дағдарыстық жағдайларда басшының іс-әрекет алгоритмдері, қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыруға бағытталған басқарушылық шешімдер талқыланды.
Мектеп басшылары тәжірибе алмасып, практикалық кейстерді талдап, қауіпсіз және қолдаушы мектеп ортасын қалыптастырудың заманауи тәсілдерін қарастырды.
Оқушының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен мектеп ел ертеңінің берік іргетасы болмақ.