БАЛА ҚҰҚЫҒЫ — БАСТЫ НАЗАРДА
«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығында ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің және Ақтөбе облысы бойынша өкілінің бастамасымен «Білім беру ұйымдарындағы бала құқықтарын қорғау: омбудсмен жұмысының ерекшеліктері» тақырыбында оқыту тренингі өтті.
Мақсаты — білім беру ұйымдарында бала құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіріп, омбудсмен қызметінің ерекшеліктерін түсіндіру, қатысушылардың құқықтық мәдениетін арттыру, сондай-ақ оқушыларды қауіпсіз және қолайлы білім алу ортасын қалыптастыруға бағытталған тиімді іс-әрекеттерге үйрету.
Шараға Ақтөбе қаласындағы 31 мектеп пен 4 ауданның бала өкілдері мен жетекшілері қатысып, өзге аудандардың оқушылары Zoom платформасы арқылы онлайн форматта қосылды.
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Аққалқа Байдуллина «Адам құқықтарын қорғау: омбудсмен әлеуеті» тақырыбында жан жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қатысушыларға адам құқықтарының мәні мен маңызы, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық және халықаралық тетіктері туралы кең көлемде ақпарат беріп, білім беру ұйымдарындағы бала құқықтарын қорғау омбудсменінің рөліне тоқталды. Сондай-ақ, оқушылардың өз құқықтарын білу және қорғау мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Тренинг барысында орталық мамандары қатысушылармен түрлі интерактивті тапсырмалар, пікірталастар және топтық жұмыстар ұйымдастырды. Балалар өмірлік жағдаяттар арқылы құқықтық сауаттылықтарын арттырып, жеке шекараны сақтау мәдениеті бойынша тәжірибелік жаттығулар орындады.
Шара соңында қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, адам құқықтарын қорғау ісінде әрбір азаматтың жауапкершілігі зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, өз және өзгенің құқығын құрметтеу — әділетті қоғамның басты қағидаты екенін ұғынды.