ОҚУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН «EQ-LAB» СТУДИЯСЫ
«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығында оқушыларға арналған «EQ-LAB» студиясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға қаламыздағы білім беру ұйымдарының оқушылары, соның ішінде мектеп президенттері мен белсенділер қатысты.
Орталық директоры Меруерт Жұбандықова оқушыларды орталық қызметімен таныстырды. Студияның маңыздылығын атап өтіп, жұмысына сәттілік тіледі. Бұл — оқушылардың эмоционалды интеллектін дамытуға, өзін-өзі тануға және жеке қабілеттерін жетілдіруге бағытталған жаңа жоба.
Меруерт Жұбандықованың айтуынша, биыл оқушылар, ата-аналар, педагогтер және жас мамандармен жұмыс бағытында жаңа жобалар жүзеге асырылады. Бүгін солардың алғашқысының тұсауы кесілді.
Студияның негізгі мақсаты — оқушыларға өз эмоциясын тануды, түсінуді және еркін білдіруді үйрету. Өзін-өзі бақылау мен реттеу дағдыларын қалыптастыру. Қарым-қатынас мәдениетін, тыңдай білу мен эмпатияны дамыту. Ішкі үйлесімділік пен позитивті ойлауды нығайту. Топпен жұмыс істеу және өзара қолдау дағдыларын дамыту.
Жоба аясында ай сайын қала мектептерінде келесі іс-шаралар ұйымдастырылады: «Менің таңдауым — менің қолымда» психологиялық театр. «Эмоциялар лабораториясы» — ойын-тренингтер сериясы. «Менің қауіпсіз кеңістігім» — сенім апталығы. «Бір-бірін қолдау клубы» — буллинг пен селфхарм профилактикасы. Мектептегі достық күні — тимбилдинг акциясы. Подкаст «Психологпен ашық әңгіме» — жасөспірімдерге арналған сұхбаттар...
Орталықтың бөлім меңгерушісі Медеухан Жасжанова «Жүректен шыққан эмоция — өмір айнасы», әдіскер Ботагөз Қосмағамбетова «Эмоциялық интеллект — өзіңді басқару өнері» тақырыбында тренингтер өткізді.
Іс-шара соңында оқушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өз ой-пікірлерін білдірді.