ЖАС ПСИХОЛОГТЕРГЕ АРНАЛҒАН ЖАҢА ЖОБА
«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығында Ақтөбе қаласындағы мектептердің жас психологтеріне арналған жаңа жоба — «Ментор және мен» клубының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жоба мақсаты — жас психологтерге кәсіби бейімделу мен эмоционалды қолдау көрсету.
Шара барысында орталық директоры Меруерт Жұбандықова жобаның жас мамандар үшін маңызы зор екенін айтып, клуб жұмысына сәттілік тіледі.
Сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын, облыстық мәслихат депутаты Бижан Қалмағанбетов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жалпы педагогика және білім берудегі менеджмент кафедрасының қауымдастырылған профессоры Мейрамгүл Есенғұлова, №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының педагог-психологі Жанна Тәжібаева жоба жұмысына сәттілік тілеп, орталық қызметіне ризашылықтарын білдірді.
Сонымен қатар шара аясында «Сезімдер биі» тренингі, «Маска әдісі» психологиялық жаттығуы өткізілді. Жас мамандар «Сезімдер әлемінде» тақырыбында шығармашылық жұмыс жасап, өз эмоцияларын сурет арқылы бейнеледі.
Жиналған қауым шарадан ерекше әсер алып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Айта кетсек, жоба аясында жас психологтерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында ай сайын психологиялық түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Жоба жетекшісі — орталық әдіскері Лаура Бердібекова.