«Үздік жыл психологі»: Абай облысында баланың психологиялық әл-ауқатын қорғаудағы кәсіби жауапкершілік
2025 жылғы 30 қаңтарда Абай облысында «Үздік жыл психологі» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті. Аталған іс-шара білім беру жүйесіндегі психологиялық қызметтің кәсіби әлеуетін айқындауға, жауапкершілігі жоғары, шығармашылықпен жұмыс істейтін білікті мамандарды қолдауға және олардың қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталды.
Байқау Қазақстан Республикасында балалардың психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындалған кезеңде ұйымдастырылды. Осы тұрғыда «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының бекітілуі білім беру жүйесі мен психологиялық көмек саласы үшін маңызды стратегиялық бағдар болды. Тұжырымдамада баланың психологиялық қауіпсіздігі мен эмоционалдық саулығы оның жан-жақты дамуының, табысты білім алуының және ел болашағының берік негізі екені нақты белгіленген. Бұл құжатта психологиялық қызмет баланы тек оқыту үдерісінің қосалқы элементі емес, оны түсінетін, қолдайтын және даму барысындағы қиындықтарды еңсеруге көмектесетін білім беру ортасының ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады.
Абай облысы бойынша өткен облыстық кезеңге мектепке дейінгі білім беру, орта, техникалық және кәсіптік, арнаулы мен қосымша білім беру ұйымдарынан барлығы 17 педагог-психолог қатысты.
Байқаудың қорытынды кезеңіне аймақтық іріктеуден өткен жеңімпаздар қатысып, тәжірибеде қолданылып жүрген, апробациядан өткен және нақты нәтижелері бар практикалық жұмыстарын ұсынды. Ұсынылған материалдар психологтардың кәсіби құзыреттілігін, әдістемелік ойлауын және нақты білім беру ортасында тиімді жұмыс істей алу қабілетін айқын көрсетті.
Бағалау жұмыстары тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жүргізіліп, қатысушылардың кәсіби тәжірибесі, жұмыс мазмұны мен тиімділігі жан-жақты сарапталды. Бұл үдеріс байқаудың ашықтығын, әділдігін және бейтараптығын қамтамасыз етіп, әрбір қатысушының еңбегіне объективті баға беруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде әр санат бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, I, II, III дәрежелі дипломдармен және сертификаттармен марапатталды.
«Үздік жыл психологі» республикалық байқауының Абай облысы бойынша облыстық кезеңі педагог-психологтардың кәсіби әлеуетін айқындап қана қоймай, білім беру жүйесіндегі психологиялық қызметтің маңызын айқын көрсетті. Бұл байқау үздік тәжірибелерді анықтауға, кәсіби қауымдастықты нығайтуға және балаларға көрсетілетін психологиялық көмектің сапасын арттыруға бағытталған мазмұнды кәсіби алаңға айналды. Облыстық кезең жеңімпаздары республикалық байқауға жолдама алып, балалар болашағы үшін еңбек етіп жүрген психолог мамандардың кәсіби шеберлігі мен қоғамдағы маңызды рөліне берілген лайықты баға болды.