БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА «ДОСБОЛLIKE» ЖӘБІРЛЕУДІҢ (БУЛЛИНГТІҢ) АЛДЫН АЛУ БАҒДАРЛАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖАЛҒАСУДА
Мектептер мен колледждерде қауіпсіз әрі қолдаушы орта қалыптастыру мақсатында 2025–2026 оқу жылында білім беру ұйымдарында балаларды жәбірлеуге (буллингке) қарсы «ДОСБОЛLIKE» профилактикалық бағдарламасы енгізілді.
Бағдарлама сәтті апробациядан өтіп, оның тиімділігін, практикалық маңыздылығын және ұлттық білім беру жүйесінде ауқымды түрде енгізу мүмкіндігін дәлелдеді.
Облыстық білім басқармаларымен бірлесіп, бағдарламаны енгізу жоспары әзірленді, педагогикалық кеңестерге арналған әдістемелік ұсынымдар дайындалды. Білім беру ұйымдарының педагогтері мен психологиялық қолдау орталықтарының қызметкерлері үшін республикалық және өңірлік семинарлар, тренингтер және вебинарлар ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта 57 оқыту іс-шарасы өткізіліп, оған мектептер мен колледждердің әкімшілік өкілдері, сынып жетекшілері мен кураторлары, психологтер мен әлеуметтік педагогтерді қоса алғанда, 14 000-нан астам маман қатысты.
Бағдарлама кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Білім беру ортасындағы буллингтің таралу деңгейі мен психологиялық қауіпсіздік ахуалына диагностика жүргізілді, педагогтерге, қызметкерлерге және ата-аналарға арналған оқыту ұйымдастырылды. 1–11 сынып оқушылары мен колледждердің 1–2 курс студенттері әлеуметтік бағыттағы жобалық қызметке тартылды.
Бағдарлама құрметке негізделген қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға, жанжалдардың алдын алуға және білім алушылардың психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған.