«БІЛІМ БЕРУДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ 1000 КӨШБАСШЫСЫ» ЖОБАСЫ БОЙЫНША ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ МЕНЕДЖЕРЛЕРДІҢ БІРІНШІ ҚҰРАМЫ ЖАСАҚТАЛДЫ
ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен «Жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы шеңберінде республикалық кадр резервіне қабылданған кандидаттардың тізімі бекітілді. Оған білім беру ұйымдарының басшылары лауазымынан үміткер 208 адам кірді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдан бастап президенттік Жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша білім берудегі өзгерістер көшбасшыларын іріктеу және даярлау тетігін әзірлеу және бекіту жөніндегі жобаны іске асыруда.
Бастапқы кезеңде барлығы 8068 өтінім түсті. Үміткерлер құзыреттіліктерін бағалау үшін тестілеуден өтті. Екінші кезеңде – үш деңгейлі оқыту, үшінші кезеңде – елдің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, төртінші кезеңде – қорытынды бағалау және қорытынды кезеңде – министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесу болды. Барлық бес кезеңнің қорытындысы бойынша республикалық кадр резервіне 208 кандидат өтті.
Іріктеудің барлық кезеңдерінен өткендерге сертификат беріледі. Оның негізінде үміткерлер конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ бірінші басшының бос орнына тағайындалатын болады. Сондай-ақ, барлық кезеңдерден сәтті өткен және сертификат алғандарға «Жетекші-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі.
Жаңа буын менеджерлері жаңа мектептерді, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ошақтарын кадрлық жағынан қамтамасыз ету мәселесін шешуге жәрдемдеседі деп жоспарлануда.
Айта кетейік, бұл жоба биыл да жалғасады. Оған барлық тілек білдірген педагогтер қатыса алады.