ІС-ТӘЖІРИБЕЛЕРІМЕН БӨЛІСТІ
«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығында «Іздену. Білім. Тәжірибе тарату» тақырыбында педагог-психологтерге арналған облыстық семинар-практикум өтті.
Іс-шара мақсаты — білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің сапасын арттырып, озық тәжірибелерді бөлісу және мамандар арасында кәсіби ынтымақтастықты нығайту.
Семинарды орталық әдіскері Лаура Бердібекова жүргізіп, қатысушыларды бағдарламамен таныстырып, практикалық бөлімдердің маңыздылығына тоқталды.
Орталық директорының орынбасары Медеухан Жасжанова білім беру ұйымдарындағы психологиялық сүйемелдеудің өзектілігін атап өтіп, қазіргі білім беру кеңістігінде баланың эмоционалдық саулығын сақтаудың маңызы зор екенін айтты.
Семинар барысында ұсынылған тәжірибелер:
Алға ауданы Тоқмансай негізгі мектебінің педагог-психологі Эльмира Нұрмағамбетова «Буллингсіз мектеп: психологиялық қауіпсіз орта қалыптастыру жолдары» тақырыбында баяндама жасап, білім алушылар арасында сенімді қарым-қатынас орнату, алдын алу шараларын ұйымдастыру және психологиялық қолдау көрсету әдістерін тәжірибе жүзінде көрсетті.
Шалқар қаласы №2 мектеп-гимназиясының педагог-психологі Бақытгүл Айтжанова «Ұлттық құндылықтарға негізделген асық терапиясы» тақырыбында ұлттық ойын элементтерін психологиялық түзету-дамыту жұмыстарына тиімді енгізу жолдарын таныстырды.
Шалқар ауданы «Балбұлақ» бөбекжай-бақшасының педагог-психологі Самал Айшуақова «Баланың шығармашылық қиялын дамытудағы визуалды-арт терапия» тақырыбында мектепке дейінгі ұйымдарда арт-терапия әдістерін қолданудың тиімді тәсілдерін көрсетті.
Семинар барысында мамандар өзара пікір алмасты, тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа әдіс-тәсілдермен танысты.
Іс-шара соңында тәжірибесімен бөліскен мамандар Алғыс хаттармен марапатталды.