«БАҚЫТТЫ АТА-АНА БОЛУДЫҢ СЫРЛАРЫ» ФОРУМЫ - ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН СЕНІМ АЙМАҒЫ
Отбасы - әр адам өмірінің негізі, сүйіспеншілік, қолдау, өзара түсіністік пен жан жылуының қайнар көзі. Дәл осы отбасында бала алғаш рет құрметке, сенімге, жауапкершілікке, жақындарына қамқор болуға, мейірімділікке және айналасындағы адамдармен қарым-қатынас орнатуға үйренеді. Отбасылық құндылықтар тұлғаның қалыптасуында маңызды рөл атқарып, балаларға сенімділік, қауіпсіздік және эмоционалдық қолдау сезімін сыйлайды. Отбасындағы сүйіспеншілік пен татулыққа толы орта - бақытты балалық шақтың, жарқын болашақтың және үйлесімді қоғамның берік іргетасы.
2026 жылғы 14 мамырда Абай облысы білім басқармасының «Өңірлік психологиялық қолдау әдістемелік орталығы» КММ Абай облысы білім басқармасының «Аягөз ауданының білім бөлімі» ММ бірлесіп Халықаралық отбасы күніне арналған «Бақытты ата-ана болудың сырлары» атты ата-аналар мен балалар форумын өткізді.
Форумның мақсаты - бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ата-аналардың педагогикалық және психологиялық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ отбасы, мектеп және мамандар арасында ашық әрі сенімді диалог орнатуға жағдай жасау. Форум ата-аналарды, балаларды, педагогтер мен психологтарды отбасылық құндылықтарды сақтау және баланың үйлесімді тұлға болып қалыптасу тақырыбы аясында біріктірді.
Форум барысында интерактивті алаңдар, «Отбасы балалар көзімен…» шығармашылық көрмесі, «Бақытты отбасы» фотозонасы, шеберлік алаңдары мен білім алушылардың музыкалық қойылымдары ұйымдастырылды. Мұның барлығы мейірімділікке, өзара құрметке және отбасылық бірлікке толы ерекше ахуал қалыптастырды. Қатысушылар бірге уақыт өткізіп, шынайы қарым-қатынастың, ортақ шығармашылықтың және бір-біріне қолдау көрсетудің маңызын сезінді.
Форумда практикалық бөлімге ерекше назар аударылды. Ата-аналар мен балалар отбасылық тәрбиенің өзекті мәселелеріне арналған тренингтер мен талқылауларға қатысты. Қатысушылар белсенді тыңдау, баланы есту және түсіну, отбасы ішіндегі сенімді нығайту, келіспеушіліктерді сындарлы шешу және үйдегі қолайлы психологиялық ахуалды қалыптастыру тақырыптарын қарастырды.
Практикалық сабақтар барысында ата-аналар мамандардың пайдалы ұсыныстарын алып қана қоймай, оларды бірлескен жаттығулар, ойын тапсырмалары және өмірлік жағдайларды талқылау арқылы тәжірибеде қолданды. Осындай жұмыс форматтары қатысушыларға балалардың эмоционалдық қажеттіліктерін тереңірек түсінуге, сенімді қарым-қатынас орнатуға және отбасы ішіндегі тиімді байланыс тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік берді. Ал балалар өз кезегінде ата-аналарының назарын және қолдауын сезініп, отбасы мүшелері арасындағы эмоционалдық байланыстың нығаюына ықпал етті.
Форум тәжірибе алмасуға, пайдалы қарым-қатынас орнатуға және тәрбиеге қатысты өзекті мәселелердің шешімдерін бірлесіп іздеуге арналған маңызды алаңға айналды. Қатысушылар балалардың эмоционалдық интеллектісін дамыту, сенімді қарым-қатынасты нығайту және отбасында қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру бойынша практикалық ұсыныстар алды.
Осындай іс-шараларды өткізу отбасы институтын нығайтуға, оң отбасылық мәдениетті дамытуға және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі ата-аналардың рөлін арттыруға ықпал етеді. Себебі мықты, тату әрі сүйіспеншілікке толы отбасы - баланың бақытты балалық шағы мен табысты болашағының басты кепілі.