Абай облысында мектепке дейінгі ұйымдардағы педагог-психологтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға байланысты семинар – практикум өтті
Абай облысы Білім басқармасының «Өңірлік психологиялық қолдау әдістемелік орталығы» КММ бастамасымен мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері мен педагог-психологтеріне арналған «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагог-психологтері құжаттамасын жүргізудегі әдістемелік ұсынымдар» атты облыстық семинар-практикум өтті. Семинардың негізгі мақсаты – педагог-психологтердің кәсіби қызметінде құжаттаманы дұрыс жүргізудің маңыздылығын айқындау, заңнамалық талаптарды түсіндіру, сондай-ақ кәсіби іс-әрекеттің сапасы мен ашықтығын қамтамасыз ету жолдарын талқылау болды.
Баланың өміріндегі алғашқы әлеуметтік қадамдарының бірі – балабақшаға бару. Бұл кезең – жаңа орта, жаңа талаптар мен жаңа қарым-қатынастарға бейімделу уақыты. Көптеген балалар үшін бұл үдеріс эмоциялық тұрғыдан күрделі өтеді. Сондықтан бейімделу мәселесі педагогтер мен психологтердің басты назарында болуы заңды.
Бүгінгі таңда педагог-психологтер тек дәстүрлі әдістермен ғана шектелмей, заманауи технологиялар мен ғылыми негізделген әдістемелерді кеңінен қолдануда. Мұндай жұмыс, ең алдымен, балалардың психоэмоционалдық жағдайын тұрақтандыруға, жағымды көңіл-күй қалыптастыруға, қарым-қатынас мәдениетін дамытуға бағытталған. Арнайы түзету-дамыту бағдарламалары арқылы тәрбиеленушілердің танымдық, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл олардың мектепке дайындығын арттырып, оқуға деген қызығушылығын қалыптастырады.
Семинар барысында Абай облысының мектепке дейінгі ұйым педагог-психологтері өз тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби ортадағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосты. Ашық пікір алмасу, практикалық жаттығулар және әдістемелік ұсыныстарды талқылау нәтижесінде қатысушылар кәсіби іс-әрекетті жетілдірудің тиімді жолдарын қарастырды. Мұндай кездесулер мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, жаңа идеялар енгізуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз қалайды.
Баланың әлеуметтік-психологиялық бейімделуі – оның әрі қарайғы дамуының берік іргетасы. Сондықтан педагог-психологтардың кәсіби қызметі мен құжаттаманы сапалы жүргізуі – мектепке дейінгі ұйымдардағы білім беру сапасын арттырудың маңызды факторы. Осындай семинар-практикумдар мамандардың кәсіби өсуіне, тәжірибе алмасуына және мектепке дейінгі білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететіні сөзсіз.